Коронавирус және жүктілік

translator жексенбі сәуір 19, 2020

Коронавирус и беременность

Маған жүкті әйелдердің коронавирусты жұқтырудан қалай сақтануды, оның қаншалықты қауіпті екендігі және инфекцияның іштегі баланың туылуы мен денсаулығына қалай әсер ететіндігі туралы жиі сұрақтар қойылады.

Мен белгілі репродуктолог-дәрігер, профессор Вячеслав Нотанович Локшинмен ақылдасқан болатынмын. Ол маған төмендегідей жіті айтып берді.

Жүкті әйелдерде әдетте, иммундық қорғаныс әлсірегендіктен тыныс жолдарының инфекцияларына көбірек ұшырайды. Сонымен қатар жүкті әйелдер инфекция жұқтырғанда көбіне ауыр салдарға душар болады, тіпті баланың денсаулығына да зияны тиіп жатады.

Коронавирус инфекциясы туралы айтатын болсақ, оның жүкті әйелдерде болуы, басқа жұқтырған адамдарда пайда болуынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Сонысымен ол тұмау мен басқа жұқпалы аурулардан ерекшеленеді.

Алайда, мұның бәрі салыстырмалы түрде азғантай зерттеулер негізінде алынған алдын-ала мәліметтер ғана.Мәселен, Қытайдың Ухань қаласында коронавирус жұқтырған 147 жүкті әйелдердің тек сегізінде ғана ауыр симптомдар байқалып, біреуінің жағдайы өте ауыр болған.

Коронавирус жұқтырған әйелдердің босануын кесарь тілігін жасау арқылы жүргізеді. Бұл ретте әйел адам маска киюі керек. Мұндай жағдайларда инфекцияны таратпау мақсатында, босанар кезде күйеуі мен туыстарының қатысуын шектеу қажет.

Коронавирус ұрық сұйықтығында және емшек сүтінде әлі анықталған жоқ. Алайда, коронавирус инфекциясы бар әйелдерге сүтті сүзіп, онымен сәбиді емізуге пайдаланбауға кеңес береді.

Қытайдың Ухань қаласында коронавирус жұқтырған аналардан туылған 33 нәрестенің үшеуінде ғана вирус бар екені анықталып, олардың бәрі қанағаттандырарлық жағдайда болғаны белгілі.

Алайда, инфекция жұқтырған аналар толық емделмейінше, жаңа туған нәрестелерді оқшаулаған дұрыс. Бір жасқа дейінгі нәрестелерде иммунитет жеткіліксіз қалыптасқан деп саналады, сол себепті олар жұқпалы ауруларға көбірек бейім келеді.

Жүкті әйелдерге өздерін инфекциядан, атап айтқанда коронавирустан қорғануға ерекше назар аударулары керек. Бұл әсіресе қант диабетімен және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын жүкті әйелдер үшін өте маңызды. Ол үшін оларға:

  • Мүмкіндігінше үйден шықпай және басқа адамдармен қарым-қатынасты шектеу;
  • Қолды сабынмен жиі жуып немесе спиртті санитайзермен тазалау;
  • Үйден сыртқа шыққан жағдайда дұрыстап маска кию;
  • Балалармен және басқа отбасы мүшелерімен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық таныту;
  • Барлық жағдай туралы, әсіресе коронавирустық инфекцияның алдын алуға қатысты хабардар болу;
  • Өздерін уақытылы қажетті тамақ пен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуі қажет.

Егер жұқпалы немесе басқа да аурулардың симптомдары пайда болған болса, дереу дәрігерге хабарласу керек. Әсіресе мына жағдайда:

  • Тыныс алу қиындаса;
  • Кеудеде үнемі қысылу байқалса;
  • Сананың бұлыңғырлануы, әдеттен тыс ұйқышылдық пайда болса;
  • Бет ағарып, ерін кезерсе;
  • Басқа да көптеген бұрын болмаған ауру симптомдары байқалса.

Медициналық мекемеге жүгінген кезде қажетті құжаттардың болуы маңызды, оның ішінде дәрігерлік құжаттар да. Коронавирустық инфекцияға күдік туындаған жағдайда, жүкті әйелге бөлек бөлмеде күтуі сұралады.

Қазіргі уақытта профессор Локшин өзінің Италиядағы және басқа елдердегі әріптестерімен бірігіп, дәрігерлерге коронавирустық инфекциямен түскен жүкті әйелдерге немесе босанғандарға қандай шаралар қолданып, не істеу қажеттігі туралы толығырақ нұсқаулық дайындап жатыр.

Қалай болғанда да, үрей мен уайым болашақ нәрестені күтудегі қуаныш пен жағымды эмоцияларға көлеңкесін түсірмеуі қажет.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=123