Үй жағдайында коронавирустан қалай емделеміз

translator сенбі шілде 11, 2020

05 12 2019

Соңғы кездері коронавирусты жұқтырғандардың саны артып келеді. Көптеген жағдайларда инфекция симптомсыз түрде немесе жеңіл белгілермен өтуде. Бірақ, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскендер де жоқ емес. Ауру дендеп барады, күн санап науқастар саны көбейіп жатыр. Ақыр соңында көптеген адамдар коронавирустың ойдан шығарылмағанын, шындық екенін түсінгендей. Енді не істемек керек?

Бастысы, қатты дүрлікпей, сабыр сақтаңыз. Сондай-ақ, өз басым коронавирусқа «алды-артына қарамай», бір қажеті болып қалар деп тестілеуден өтуге үзілді-кесілді қарсымын. Біріншіден, бұл шынымен тестілеуге мұқтаж адамдар үшін шектеулер тудыруы мүмкін. Екіншіден, коронавирусты жұқтыруы ықтимал адамдар арасында кезекке тұруды аса қауіпті деп санаймын.

Неге басты назар аударуымыз керек? Әрине, алдымен коронавирустық инфекцияның симптомдарына. Олар вирусты жұқтырған адаммен байланысқаннан кейін 2-14 күннен кейін пайда болуы мүмкін, бірақ көбінесе 4-5 тәулікте анықталып жатады. Ең жиі кездесетін симптомдары мынадай: дене қызуының көтерілуі және қалтырау, жөтел, ентігу және тыныс алудың қиындауы, әлсіздікті сезіну, дене бұлшықеттерінің ауырсынуы, бас ауруы , дәм мен иіс сезбеу, тамақтың қышуы мен жұтынудың қиындауы, мұрынның бітелуі, жүрек айну және құсу.

Бұл симптомдарының көпшілігі суық тию мен тұмауда жиі кездеседі, сондықтан тез арада жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жатудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайларда үйде де емделуге болады. Әдетте, алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 10-14 күн ішінде ағза сауыға бастайды.Бірақ, кейбіреулерінде аурудың қауіпті ағымына көшуі мүмкін, бұл енді медициналық араласуды қажет етеді.

Жағдайды жеңілдету үшін парацетамол және аспирин сияқты дене қызуын, ауруды басатын дәрі-дәрмектерді қабылдауға болады. Айтпақшы, аз мөлшердегі аспирин қанның ұюына көмектеседі, бұл коронавирустық инфекция үшін маңызды.

Дәрігерлер тамақ пен мұрын қуыстарын фурацилин ерітіндісімен жиі шайып тұруды ұсынады. Бұл үшін мен 0,05 пайыздық хлоргексидинді дезинфекциялық ерітіндіні қолдануды ұсынамын, оны төзімділікке байланысты қарапайым сумен араластырып езуге болады. Бұл вирустың ағзадағы концентрациясын төмендету үшін қажет. Ол неғұрлым жоғары болса, асқынулар мен басқаларды жұқтыру ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Алайда, дәрі-дәрмекке көп үйір болмаған жөн. Тыныштықта болу маңызды, көп мөлшерде жылы су ішу қажет, оған лимон қосса тіпті жақсы. Өйткені, лимон С дәруменіне бай келеді. Айтпақшы, бұл дәрумендер және басқа да пайдалы заттар қымызда және кейбір ашыған сүт өнімдерінде өте мол. Олар сонымен қатар вирустармен күресуге көмектесетін пайдалы микробтарға толы.

Егер жағдай тәуір болса, онда мен міндетті түрде маска тағып, адамдармен 2 метр немесе одан да көп қашықтықты ұстай отыра көшеде серуендеп, бой жазып қайтуды ұсынамын. Күн сәулесі ағзада Д дәруменінің пайда болуына ықпал етеді, өз кезегінде бұл вируспен күресуге көмектеседі. Егер сізден коронавирус анықталған болса, қоғамдық көлікті пайдаланудан бас тартқан жөн.

Симптомдардың күшеюі, жағдайдың нашарлауы және өкпенің 30 пайызынан астам зақымдалуымен жүретін пневмонияның дамуы секілді көрсеткіш орын алған жағдайда науқас ауруханаға емделуге жатқызылады. Мұны компьютерлік томографияның көмегімен анықтайды.

Жедел медициналық көмекті қажет ететін жағдайларға ес-түстің жоғалуы, бет пен еріннің көгеруі, қозғала алмау немесе тұра алмау, тыныс алудың қиындауы, кеуденің қысылуы және ауырсынуы жатады.

Абай болыңыз, өзіңізге күтім жасаңыз. Егер сіз өзіңізді ауырдым деп есептесеңіз, онда тез айығып кетуіңізге тілектеспін.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=144