Дұрыс тыныс алуды қалай үйренуге болады?

translator сәрсенбі қыркүйек 24, 2020

Whatsapp Image 2020 09 17 At 10.40.16

Адам баласы алғаш тыныс алған сәттен тіршілігін бастап, соңғы деммен өмірден өтеді. Алайда, осының арасында біз қалай тыныс алатынымызға аз көңіл бөліп жатамыз. «Тыныс алып жатсақ болды емес пе» деген жайбарақаттылыққа салынамыз.

Мына COVID-19 пандемиясы толық тыныс алудың біздің өміріміз үшін қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.

Бүгінде COVID-19-дың қан тамырларының зақымдануымен байланысты дерт екенін ұқтық. Сонымен, неге коронавирус бірінші кезекте өкпе мен тыныс алу жүйесінің бұзылуын тудырады?

Біздің өкпеміз іс жүзінде қан тамырлары сияқты, сонымен қатар трахея, бронхтар, бронхиолалар, альвеолар сияқты көптеген түтікшелі құрылымдарының жиынтығы болып табылады. Егерде олардың барлығын бір қатарға қоятын болсақ, онда олардың ұзындығы екі жарым мың шақырымдай болады. Коронавирус өкпенің қан тамырларына әсер ете отырып, тыныс алудың маңызды қызметтерін бұзады.

Күн сайын біз 25 мыңға жуық тыныс алу қозғалысын жасаймыз, соның нәтижесінде 11 мың литрге жуық ауа біздің ағзамызға кіріп шығады екен. Біз жүрек пен бас мидың жұмыс қызметін басқара алмасақ та, дұрыс тыныс алуды үйрену арқылы оған жанама түрде әсер ете аламыз. Сонымен, дұрыс тыныс алудың негізгі ережелері қандай? Біріншіден, ауызбен емес, мұрнымызбен тыныс алуға тырысу керек.

Екіншіден, қысқа, бірақ толық деммен ауа жұтып, ұзағырақ дем шығару керек.

Мұны қалай дұрыс жасаған жөн?

• Мұрныңызбен терең дем алыңыз. • Мұны істеу кезінде иық пен мойынды еркін ұстаңыз. • Ішке тартқан ауаны өкпеңіздің төменгі жағынан жоғары қарай толтыруға мүмкіндік жасаңыз. • Шамды үрлегендей еріндерді алға қарай жылжыта баяу дем шығарып, келесі рет тыныс алуға өкпеңізді босатыңыз.

Ұзақ дем шығару дұрыс тыныс алу үшін өте маңызды. Бұған онай үйренуге болады. Қалай десеңіз, бөлмеңізден есік, терезе немесе теледидар сияқты тікбұрышты затты табыңыз. Осы тікбұрышты заттың қырларына көз жүгіртіп, қысқа жағынан қарап дем алып, ұзын жағына қарап дем шығарыңыз.

СОНЫМЕН:

Мұрынмен дем алу – ауызбен созып дем шығару; Мұрынмен дем алу – ауызбен созып дем шығару; Мұрынмен дем алу – ауызбен созып дем шығару.

Неліктен мұрынмен тыныс алу тиімдірек? Мұрын бітелген кезде біз ауызбен дем алуға мәжбүрміз. Бұл сусыздануға әкеледі, әсересе ұйқы кезінде. Осының салдарынан аузымыз кеуіп, шаршап оянамыз. Сондықтан да мұрын арқылы тыныс алуды үйрену өте маңызды.

Ғалымдардың анықтауынша, мұрын қуыстарының ішкі беті біздің денсаулығымыздың айнасы болып табылады. Ол ауру кезінде және ағзамызда өзге де бұзушылықтар болған жағдайда қабынады.

Мұрын қуысы дене температурасы мен қан қысымын реттеумен қатар, мидың эмоцияға және ұйқыға әсер ететін молекулаларды шығаруға мүмкіндік жасайды. Сондықтан, аллергиядан немесе басқа да мәселелерден туындайтын созылмалы тұмау және мұрын бітелуін жедел түрде емдеу өте маңызды.

Сондай-ақ, кеңсіріктің қисаюын елемеуге болмайды. Мәселен, оң және сол мұрын қуыстарының арасындағы тепе-теңдік біздің тыныс алуымыз бен иіс сезінуімізге маңызды рөл атқарады.

Ауа ең алдымен оң жақ танау арқылы жұтылған кезде симпатикалық жүйке жүйесі іске қосылады. Нәтижесінде қан айналымы жеделдетіліп, сондай-ақ кортизол деңгейі, қан қысымы мен жүрек пульсінің жиілігі, дене температурасы көтеріледі.

Сол жақ танау арқылы ауаны жұту керісінше «тежегіш» қызметін атқаратын парасимпатикалық жүйке жүйесінің іске қосады. Ол қан қысымы мен дене қызуын төмендету арқылы адам ағзасын тыныштандырады. Сол жақ мұрын қуысының қатысуы бас мидың маңдай бөлігіне қанның келуіне ықпал етеді, өз кезегінде ол эмоцияларға, логикалық ойлау, тілдік және есептеу қабілетілігіне, сондай-ақ абстракты ойлауға жауап береді.

Алдағы мақалаларда мен аурудың алдын алып, күйзелісті жеңуге көмектесетін арнайы тыныс алу жаттығулары туралы айтамын. Атап айтқанда, ішпен тыныс алудың маңыздылығы, сонымен қатар жайлы тыныстанудың техникасы жайлы кеңірек тоқталатын боламын.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=162