COVID-19: Жады жасушалары дегеніміз не? Олардың коронавируспен күрестегі рөлі қандай?

translator жексенбі қараша 29, 2020

WhatsApp Image 2020 11 27 At 10.03.50

Ғалымдар пандемия нәтижелі коронавирустық вакцина жасалған кезде немесе жер шары тұрғындарының едәуір бөлігі вируспен ауырып шыққан кезде тоқтайтынына сенімді. Қазіргі кезде әлемде 50 миллионға жуық адам коронавируспен ауырып, оған имунитет ала алды. Алайда, сынақтамалар көрсеткендей, ауруға шалдыққан кейбір адамдардың ағзасында бірнеше айдан кейін коронавирусқа қарсы антиденелер өте аз немесе мүлдем табылған жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұл адамдардың вирусқа қарсы имунитеті бар ма немесе оларға тағы қауіп төніп тұр ма?

Имунитеттің болуы мен болмауы антиденелерді анықтайтын зертханалық тест арқылы білінеді. Антиденелер – бұл вирустар мен бактериялардың шабуылына жауап ретінде біздің иммундық жасушалар шығаратын арнайы молекулалар. Антиденелер вирустар мен бактерияларға жабысып, оларды залалсыздандырады, бұл иммундық жасушалардың олармен тезірек күресуге мүмкіндік береді.

Антиденелер ауру басталғаннан кейін бірден пайда болмайды. Шабуылдаушы микробты дәл анықтауға және қажетті жасушаларды жұмылдыруға уақыт қажет. Сондықтан, біз иммундық жүйе толығымен жұмыс істей бастаған сәтке дейін біраз уақыт ауырып, өзімізді нашар сезінеміз.

Процесс басталғаннан кейін антиденелердің мөлшері көбейеді және олар қанмен бірге дененің әртүрлі бөліктеріне таралады. Вирус толығымен жойылған уақытта, біздің иммунитет антиденелер шығаруды жалғастырады, бірақ аз мөлшрде. Ауырған сәттен бастап неғұрлым уақыт өткен сайын адам қанында антиденелер соғұрлым аз болады.

Бақытымызға орай, біз үшін антиденелер санының азаюынан иммундық қорғаныс қабілетін жоғалтпайды. Біздің ағзамыда жаулардан қорғанудың тағы бір жолы бар – бұл иммундық жады жасушалары. Біз алғаш рет виристармен немесе бактериялармен ұшырасқаннан кейін, олармен күрескен иммундық жасушалардың белглі бір бөлігі жады жасушаларына айналады.

Бұл арнайы жасушалар белгілі бір вирусты немесе бактерияны «есте сақтайды», иммундық жүйеге оларды танып, ұзақ уақыт «есте сақтауына» көмектеседі, сондай-ақ ұзақ өмір сүреді. Егер осы микробтардың біреуі ағзаға қайтадан енсе, жады жасушалары оны тез арада танып, жаңа антиденелерді шығаруды бастайды, бұл вирустар ауру тудырмай тұрып-ақ оларды жеңуге мүмкіндік береді. Адамдарда ұзақ мерзімді иммунитет осылай қалыптасады.

Біздің иммундық жүйеміз дүниеге келген сәттен бастап бізді қоршаған көптеген микробтармен үнемі шайқасқа түседі. Уақыт өте келе, ол кез келген ықтимал зиянкестерге қарсы көбірек жады жасушаларын жинақтайды. Бұл ересектерге қарағанда балалардың әртүрлі салқын тию ауруларымен жиі шалдығуының себебін түсіндіреді: олардың иммунитеті вирустар мен бактерияларға енді ғана жақындасатындықтан, өздерінің есте сақтау жасушалары әлі де болса қалыптаса қоймағандықтан болар.

Олардың антиденелерді анықтайтын тесттен айырмашылығы, есте сақтау иммундық жасушаларын анықтайтын тесттер әзірге әлі қолданыста жоқ. Сондықтан иммундық реакцияны бағалау антиденелерді анықтау кезінде жүзеге асырылады – бұл серологиялық талдау деп аталады. Егер коронавирусты жұқтырған адамның ағзасында антиденелер болмаса, бұл оның иммунитеті жоқ дегенді білдірмейді.Бәлкім, оның ағзасында антиденелер енді қалыптаспайды, бірақ коронавируспен кезекті кездесуден қорғай алатын жады жасушалары бар деп зор ықтималдықпен айтуға болады.

Осының бәрін біле отырып, дәрігерлер мен ғалымдар жариялаған коронавирусты қайта жұқтыру жағдайларын, сондай-ақ аурудан айығып шыққан адамның біраз уақытқа дейін айналасындағыларға жұқтыру қаупі болатынын есте сақтаған жөн. Өкінішке орай, коронавирус әлі толық зерттелмегендіктен бізге әлі көп нәрсені анықтау керек болып отыр.

Сол себепті, тіпті аурудан айығып шықсаңыз да сарапшылардың ұсынымдарын ұстанған абзал – ол әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска тағып, сондай-ақ халық көп жиналатын орыннан бас тартып, сақтанып жүру. Бұл басқалардың коронавирусты жұқтыруларына жол бермеу үшін аса маңызды.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=183