АҚШ-тың фармакологиялық комитеті матрицалық РНҚ негізінде жасалған Pfizer/BioNTech вакцинасын мақұлдады

translator сенбі желтоқсан 19, 2020

WhatsApp Image 2020 12 18 At 11.58.38

Біз тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әңгіме тек қана бұрын-соңды болмаған пандемия жайында болып отырған жоқ. Ерекше көңіл бөлетін жайт, ол бүгінгі ғылымдағы орасан зор жетістіктерінің бірі – матрицалық РНҚ негізінде жасалған Pfizer, BioNTech және Moderna компанияларының коронавирусқа қарсы вакциналары. Жақында ғана АҚШ-та Pfizer/BioNTech вакциналарын жаппай қолдануға рұқсат етілді. Ол рекордтық уақытта, небәрі 250 күнде жасалып шықты. Бұрын бұл процесс 5-10 жылға созылатын. Алайда, бұл жерде таң қаларлық нәрсе вакцинаның қысқа мерзімде жасап шығарылуы емес, оның технологиясында болып отыр.

200 жылдан астам уақыт бұрын шешекке қарсы алғашқы екпелерден бастап вакциналар келесі принцип бойынша жасалып келеді: вирустарды бейтараптандыруға қабілетті иммундық молекулалар – антиденелердің пайда болуы үшін адам ағзасына антиген деп аталатын вирустың кішкене бөлігін егеді. Осылайша түрлі жұқпалы аурулардан иммундық қорғаныс қалыптасады. Бұл жерде антигендер ауруды тудырмайтын мөлшерде егілуі қажет.

Белгілі болғандай, біздің ағзамызды иммундық қорғанысқа ғана емес, сонымен қатар вирустардың компоненттерін, яғни антигендерді дамытуға үйретуге болады. Осылайша, біз өзіндік вакцина шығаратын фабрикаға айналамыз. Бұл матрицалық РНҚ деп аталатын өте кішкентай генетикалық молекуланы қолдану арқылы мүмкін болды. Сонымен, осы технологияны құруда ғылыми принциптері қандай?

Кез-келген тірі тіршілік иелері, оның ішінде адамдар мен вирустар ағзамыздың неден тұратындығын, сондай-ақ оның қалай жұмыс істейтінін анқытайтын генетикалық кодқа ие. Бұл код біздің денеміздегі миллиардтаған жасушалардың әрқайсында кездесетін ДНҚ молекуларында сақталған.

Матрицалық РНҚ құрылымында ерекше код бар, оны білген жағдайда қажетті ақуыз молекуласын синтездеуге болады. Оның ішінде коронавирустың тікенектерінде орналасқан, оның көмегімен адам ағзасына еніп, ауру тудыратын ақуыз болуы да мүмкін. Зертханада осындай матрицалық РНҚ құрастырып, оны өз ағзамызға енгізе отырып, біз вирустық ақуызды шығара бастаймыз. Бұл әрине вирустың өзі емес, ол оның тек жұқпалы аурудың дамуын тудырмайтын кішкене бөлігі. Сонымен бірге, ағзамыз бізді коронавирустық инфекциядан қорғайтын осы ақуызды бұғаттайтын антиденелер шығарады. Бәрі өте оңай: біз өзіміз вирустық ақуызды шығарып, өзімізді одан қорғанамыз.

Сізге мұның бәрі арнайы бағдарламалау кодтарын қолданып, компьютерлік бағдарламаларды құру секілді көрінуі мүмкін. Шынымен солай. Pfizer, BioNTech және Moderna компаниялары вакциналар жасау негізінде дәл осындай технология жатыр. Бұл вакциналардың қысқа мерзімде жасалып шығарылуының себебі – матрицалық РНҚ молекуласының құрылымы қарапайым және оны синтездеу үлкен қиындықтар туғызбайды. Ғалымдарды мұндай вакциналардың соншалықты тиімді болғаны таң қалдырды.

Сонымен, коронавирусқа қарсы вакцинасы қолымызда, бастысы – оның тиімділігі 95 пайыз. Олардың қауіпсіздігін клиникалық сынақтан өткен 30 мыңнан аса еріктілерге жүргізгендегі нәтижелер көрсетіп отыр. Коронавирустық вакцинаны жаппай қолдануға ресми келісімді алған Pfizer компаниясы миллиардтаған доза мөлшерінде өндіруге ниет білдіріп отыр. Вакцинаны араға 21 күн салып, екі рет қабылданатыны айтылуда. Осы вакцинаның тиімділігі туралы оң мәліметтердің көп болуына байланысты, оны тек бір дозамен шектеу де жеткілікті болуы мүмкін.

Десе де, қазіргі атқарылып жатқан жұмыс – бұл теңдесі жоқ бірегей техгологияның көрінісі. Коронавируспен күресуден басқа, матрицалық РНҚ технологиясы тұмауға, АИТВ инфекциясына және басқа да көптеген ауруларға, оның ішінде қатерлі ісікке қарсы вакцина жасауға жарамды. Менің ойымша, аталған жаңалықтар, пандемияның қалған айларына төтеп беру үшін бәрімізді ынталандыруы керек. Әрине, сақтық шараларын сақтай отырып.

Қазіргі пандемияның күрделі жағдайы ғалымдарды вакцинаны жасау процесін едәуір жеделдетуге және медицинада бірегей инновацияларды енгізуге мәжбүр етті. Матрицалық РНҚ негізіндегі вакциналарды жасау процестері бұрынғыдан әлдеқайда тез жүргізілуі мүмкін, осылайша болашақта эпидемиялық қауіп-қатерлерге дайын болуымызға, сондай-ақ өзге де аурулармен тиімді күресуімізге болады.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=192