Пандемия қашан аяқталады?

translator жексенбі қаңтар 24, 2021

Дизайн без названия

Пандемия басталғаннан бері бір жыл ішінде жер шарында 100 миллион адам коронавирусты жұқтырып, оның 2 миллионнан астамы бұл кеселден көз жұмған болатын. Дегенмен, көптеген сарапшылар осы жылдың соңына дейін пандемия қазіргі біз қарастырып отырған формада аяқталуы ықтимал деп санайды. Мұны олар тиімді және қауіпсіз вакциналардың жасалуымен байланыстырады. Бұдан бөлек, дәрігерлер дексаметазон мен антикоагулянттар көмегімен коронавирустық инфекциямен нәтижелі күресуді үйренді. Осыған байланысты, әлемде COVID-19-ды жұқтырған науқастар арасындағы өлім-жітім өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 30 пайызға төмендегенін көрсетті. Пандемия аяқталғаннан кейін көпшілікті алаңдататын сұрақ: коронавирустық инфекцияның неге айналатындығы жайында болуы мүмкін. Амиериканың Emory университетінің ғылымдары беделді Science ғылыми журналында бұл сұраққа жауап беруге тырысқан еді.

Әлем халықтарының ұжымдық иммунитетінің қалыптасуына қарай, қазіргі коронавирустық пандемия залалсыз болып, салқын тию немесе мерзімді жұқпалы тұмау сияқты болуы мүмкін. Бұл вакцинациялаудың арқасында, сонымен бірге көптеген адамдар COVID-19-бен ауырып, иммундық қорғанысқа ие болуы нәтижесіне байланысты.

SARS-CoV2 коронавирусы бүгінде үлкен қауіп төндіріп отырғаны, ол табиғатта бұрын болмаған, адамзат баласы онымен ешқашан кездеспеген және біздің иммундық жүйеміз одан қалай дұрыс қорғану керектігі тұрғысынан әлі бейімделмеген. Алайда, COVID-19-бен ауырғандардың саны көбейіп, оған қарсы вакцина алғандардың саны көп болса, жағдай өзгереді.

Вакцинация да коронавирустың толықтай жойылуына әкелмейтінін ескерген жөн. Ол қазіргі агрессивтілігінен айырылғанымен, адам популяциясына қатысуын жалғастыра бермек. Басқаша айтқанда, дәрігерлер тілімен коронавирус эндемиялық инфекцияға айналады. Ол уақыт өте келе аздап өршіп, көбінесе балалар арасында таралатын болады.

Неліктен балаларда? Өйткені, дүниеге келгеннен кейін олардың ағзасы үнемі бұрын-соңды кездеспеген көптеген бактериялар мен вирустарға тап болады. Балалар ұдайы микроағзалармен күресуді үйренеді. Сондықтан да олар коронавирустық инфекцияны жеңіл өткізеді. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі балаларға қатысты: оларда COVID-19 көбінесе жеңіл суық тию түрінде өтеді немесе ешқандай симптомсыз.

Emory университетінің ғылымдары коронавирустардың алты түрінің, оның ішінде 2003 пен 2012 жылдары Оңтүстік-Шығыс Азияда орын алған SARS пен MERS эпидемияларының сипаттамаларын зерттеді. Белгілі болғандай, иммундық жауап сипаттамалары тұрғысынан қазіргі коронавирус оларға ұқсамайды, көбінесе тұмау тудыратын түрлеріне ұқсайды. Әдетте, бұл вирустар бірінші кезекте ауруды оңай алып жүретін 3-5 жастағы балаларға жұғады. Кейінгі жас кезеңдерінде қайталап жұқтыру салдарынан адамдарда иммундық қорғаныс дамиды. Осының арқасында вирус адамдар арасында таралуын жалғастырғанымен, қауіптілігін біртіндеп жоғалтады. Осылайша коронавирус эндемиялық инфекцияға айналуы мүмкін.

Басты міндет – пандемияға қарсы иммунологиялық негізін тез құру, яғни ұжымдық иммунитетін дамыту керек екені түсінікті. Қалыпты жағдайда бұл бірнеше жыл немесе онжылдықтарды қамтиды. Вакциналардың көмегінің арқасында мұның барысын қадағалауға және бір жылға дейін жеделдетуге, тіпті алты айға дейін қысқартуға болады.

Алайда, сәтті сынақтар мен коронавирустық вакциналардың тиімділігі туралы мәлімдемелермен бірге, оларды жасап шығару, тарату және басқа да жеткізу мәселелері пайда болды. Осыған қарамастан, бірқатар елдер өз тұрғындарын вакцинациялауды сәтті өткізді. Мәселен, 9 миллион халқы бар Израильде азаматтардың 25 пайызы қажетті вакциналарды бір айдың ішінде алған екен. Үш миллион британдықтар да вакцинаның алғашқы дозасымен егіліп үлгерді.

Әйтсе де, егер вакцинацияның тиімді процесін жылдамдатып реттейтін болсақ, нәтижесінде COVID-19 қызылша инфекциясына ұқсас болуы мүмкін. Барлығына, соның ішінде балаларға вакцина егу мүмкін болған кезде, біз COVID-19-ды өте сирек кездестіретін боламыз.

Тағы да бір болжамдар бойынша, коронавирус кәдімгі маусымдық тұмауға айналуы әбден мүмкін. Бұл кейбір адамдарға зиянсыз, бірақ басқаларға қауіпті болуы мүмкін тұмауға ұқсайды. Коронавирустың мутациясына байланысты жағдай ауыр болуы мүмкін. Британдық мутант еуропаның 22 елдерінде табылып отыр. Олар шектеу шараларын күшейте бастады. Бақытымызға орай, осы күнге дейінгі жасалған вакциналар коронавирустың мутацияланған түрлеріне қарсы белсенділікті сақтап отыр.

Мен мына пандемия тезірек аяқталып, коронавирус эндемиялық немесе маусымдық инфекцияға айналып, тіпті мүлдем жоғалады деп үміттенемін. Бірақ, бұлай болғанша мен Сіздерді өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға қамқорлық жасауға, арақашықтық пен гигиенаны сақтауға, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуға шақырамын.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=200