No title specified

translator Сәрсенбі маусым 30, 2021

Whatsapp Image 2021 05 01 At 12.28.26

Соңғы уақытта коронавирус инфекциясының үндістандық нұсқасы Қазақстанда тарала бастады. Ол осы індеттің алдыңғы түрлеріне қарағанда жұқпалы және жиі өлім құштырады деп есептелінеді.

Бірер ай бұрын Үндістанда COVID–19 індетінің ошағы лап ете қалды. Оның себебі не еді?

Бұған Үндістандағы алаңсыздық, дәлірек айтқанда эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілмеуі кесірін тигізді: адамдар маскасыз жүрді, сонымен бірге саяси, мәдени, спорттық және отбасылық шаралар да тоқтаусыз өтіп жатты. Нәтижесінде бірнеше апта ішінде елде миллиондаған адам коронавирусты жұқтырды және ондаған мың адам, оның ішінде балалар да бар, қайтыс болды.

Коронавирустың үнді нұсқасы B.1.617.2 немесе ол қазір Дельта деп атайды, көптеген мутацияға ұшыраған, яғни алдыңғы түрлеріне қарағанда өте жұқпалы. Сонымен қатар, ол кейбір вакциналарға төзімді, тіпті агрессивті болуы мүмкін. Дельта нұсқа Ұлыбританияда, АҚШ-та, Ресейде және басқа да елдерде, ал қазір Қазақстанда да анықталып отыр. Жақын уақытта ол коронавирустың басым нұсқасына айналады деген болжам бар.

Көбінесе штаммдар туралы, мысалы, дельта-штамм, үнді штамы туралы әңгіме болады. Нұсқа мен штаммның айырмасы бар ма?

Әрине, бар. Мутациялар вирустың бірдей түрлерінде, яғни штаммда пайда болғанда оларды нұсқаларға бөледі. Мутация вирустарды өзгертеді, бірақ оның қызметіне түбегейлі әсер етпейді. Сондықтан британдық, оңтүстік африкалық, бразилиялық, үнділік сияқты әртүрлі генетикалық нұсқалар пайда болады. 1 маусымнан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды Альфа, Бета, Гамма және Дельта деп атауды ұсынды. Олардың барлығы SARS-CoV2 коронавирусының бір штаммының нұсқалары.

Көптеген мутация жинақталып қалса, олардың саны сапаға айналуы мүмкін және соның салдарынан жаңа штамм пайда болады. Оның сыртқы сипаты басқа болуы ықтимал. Мысал үшін, сиам мысығының сібір мысығынан айырмашылығы шамамен осындай: олар бір жануар түрінің ішінде әртүрлі тұқымдар. Әзірге біз SARS-CoV2 ескі штамымен, бірақ оның әртүрлі нұсқаларымен күресті жалғастырамыз. Қазіргі SARS-CoV2 коронавирусының әртүрлі нұсқаларына қарсы күресте біз емдеудің және профилактиканың бұрынғы әдістерін, оның ішінде вакцина егуді жалғастырамыз.

Дельта нұсқа қалай жұғып, қалай ауыратыны туралы не білеміз?

Дельта нұсқаның ерекшеліктері туралы негізгі ақпарат Ұлыбританиядан келеді, онда ол жаңа инфекциялардың 90 пайызын құрайды. Сарапшылардың пайымдауынша, Дельта нұсқа британдық нұсқаға қарағанда 60 пайыз жұқпалы және оның барлық нұсқаларымен салыстырғанда жұғу ауқымы әлдеқайда жоғары. Дельта нұсқамен ауырғандар арасында ауруханаға жатып қалатындар және өлім құшатындар саны әлдеқайда көп.

Сонымен қатар, Ұлыбританияда балалар коронавирустың Дельта нұсқасын 5 есе жиі жұқтырғаны белгілі болды. Алайда оларда инфекция қаншалықты агрессивті екені әлі анық емес. Вакцина салдырмаған ересек адамдарға Дельта нұсқа көбірек жұғады.

Ұлыбританиядағы жағдай қазақстанда да қайталануы мүмкін бе?

Ұлыбританиядағы жағдай коронавирустың Дельта нұсқасының басқа елдерде дәл солай таралуы мүмкін деген сөз емес. Мысалы, Қазақстаннан айырмашылығы, Ұлыбританияда халықтың жартысы вакцинаның екі дозасын, ал 70 пайызы кем дегенде бір дозасын алған. AstraZeneca және Pfizer сияқты вакциналар Дельта және коронавирустың басқа нұсқаларына қарсы тұра алатынын көрсетті.

Қазақстанда халықтың 16 пайызы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды. Не істеу керек?

Халықтың 80 пайыздан астамы вакциналанбаған бүгінгі жағдайды айсбергке қарай жүзіп бара жатқан кеме секілді елестетемін. Мұндағы кеме – біздің қалыпты өмірге оралуымыз. Айсберг – вакцина салмаған адамдардың жиынтығы. Карантин, маска тағу және әлеуметтік арақашықтық сияқты эпидемияға қарсы шаралар – тежеу тетіктері, ол кеменің айсбергке жақындауын бәсеңдетеді. Айсбергтің тез еруіне себеп болатын нәрсе – вакцинация.

Қазіргі жағдайда, яғни вакцина алғандар саны аз болып тұрған кезде эпидемияға қарсы шараларды жеңілдету кеменің айсбергпен соқтығысуына, яғни вирустармен, инфекциялармен соқтығысуына, әлсіз адамдардың өлім құшуына итермелеуі мүмкін. Ендеше вакцинация деңгейі төмен болып тұрған қазіргі жағдайда эпидемияға қарсы шараларды жеңілдетуге болмайды. Вакцина салған азаматтардың санын арттыру аса маңызды. Мұны қаншалықты кешіктірсеңіз, коронавирустың мутацияға ұшырауы, оның жұқпалы және агрессивті нұсқаларға айналу мүмкіндігі соншалықты көбейеді. Вакцина алмаған адамдар – тіршілік ету үшін белсенді түрде мутацияланатын, өзгеретін вирустың резервуары.

Қазақстанда қолданылатын қандай вакцинаны алған дұрыс?

Ұлыбританиядағы зерттеулер AstraZeneca векторлық вакцинасының екі дозасын қолдану коронавирустың Дельта нұсқасының инфекциясынан сақтайтынын көрсетті. Sputnik V вакцинасы осы вакциналардың санатына жатады, оны жасаушылар үнділік Дельта нұсқаға қарсы тиімділігі жоғары екенін айтады.

Өкінішке қарай, әсерсіздендірілген вакциналар коронавирустың Дельта нұсқасынан әлсіз қорғайды. Бұған халық саны аз Моңғолия мен Сейшель аралдарындағы, сондай-ақ Қытайдың 18 миллион тұрғыны бар Гуанчжоу қаласындағы инфекцияның елеулі ошақтары дәлел болды. Олар әсерсіздендірілген вакцинаны қолданған еді.

Pfizer және Moderna вакциналарының ерекшелігі қандай, қазақстандықтар ол вакцинаны сала ала ма?

Ғылым бір орында тұрған жоқ, ал ғалымдар қазірдің өзінде Helixpro технологиясы негізінде жаңа және тиімді вакциналар жасап жатыр, оларды жаппай өндірісте қолдану әлдеқайда жеңіл.

Қазақстандықтарға мРНҚ вакциналары қашан жететіні туралы айтсақ, менің білуімше, Pfizer-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 7 маусымнан бастап Әзербайжан азаматтары Pfizer вакцинасын ала бастағанын айтып кеткім келеді. Жақында АҚШ президенті Байденнің әкімшілігі дүниежүзіндегі 100 елге осы теңдесі жоқ вакцинаның 500 миллион дозасын ақысыз беру туралы шешім шығарғанын жариялады.

Бұрындары инновациялық дәрілерді және вакциналарды дамыту, жасау үшін кейде ондаған жыл керек болса, коронавирустан қорғайтын вакциналар жылға жетер-жетпес уақытта жасалды. Бұл кейбіреулердің күдігі мен сенімсіздігін тудыратыны түсінікті. Оған қандай жауап айтуға болады?

Осыған байланысты мынадай теңеу келтірейін. Үй саламын деп шешсеңіз, бірақ оған айлығыңыздан ғана ақша бөле алсаңыз, ол құрылыс жұмысы 5-10 жылға созылуы мүмкін. Ал сізде ресурстар жеткілікті болса және бірден бірнеше кәсіби білікті және ынталы топты жалдасаңыз, алты айда үй салып жібересіз. COVID-19-пен күресте ең жоғары басымдылықты ескере отырып, әлемнің жетекші елдерінің үкіметтері коронавирусқа қарсы вакциналар жасауға миллиардтаған доллар бөлді және бұл іске ең үздік ғалымдар мен зертханаларды тартты. Бұл жағдай тиімділігі жоғары вакциналарды қысқа мерзімде жасауға мүмкіндік берді.

Коронавирусқа қарсы вакциналар қаншалықты қауіпсіз?

Медицинада мүлдем қауіпсіз ештеңе жоқ. Кез-келген дәрі-дәрмек, ББҚ мен дәрумендер жағымсыз реакциялардың белгілі бір қаупін тудырады. Вакциналар да солай. Олар 100 пайыз қауіпсіз емес. Алайда вакциналарға жағымсыз реакциялар өте сирек кездеседі, көбінесе зиянсыз болады.

Мысалы, кейбір адамдарға (өте сирек жағдайда) вакцина аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Бұл жағдай вакцина салғаннан кейін он бес минут ішінде байқалуы мүмкін. Осы себепті, вакцина салған соң жарты сағат дәрігердің бақылауында болу керек.

Коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін дәрігерлер өте сирек жағдайда қан тамырларындағы асқынған қан ұйығыштары – тромбтардың пайда болғанын атап өтті. Олар вакцина алған адамдардың 0,002 пайызында ғана кездеседі. Бұл ықтималдылықты жасын түсу немесе құлаған көпірдің маңында кездейсоқ болып қалу мысалымен салыстыруға болады. Бұл сирек, өте сирек кездеседі. Сонымен қатар, егер ковидті жұқтырсаңыз, тромбтар пациенттердің 20 пайызында, яғни әрбір бестен бірінде ауру ағымын қиындатады. Коронавирусқа қарсы вакцина алып, өзін қорғаған жандармен салыстырғанда вакцина алмаған адамдарда тромбтың асқынуына әкелетін ковидтің ауыр түріне шалдығу қаупі жүз есе жоғары.

Кейбір адамдар коронавируске қарсы вакцина алғаннан кейін ауру жұқтырғанын айтады. Бұған не деуге болады? Өкінішке қарай, көптеген адам коронавирус инфекциясын жұқтыруды вакцина алумен қате байланыстырады, бұл тек кездейсоқ құбылыстар екенін ескермейді. Біріншіден, пациент коронавирусты жұқтырған соң вакцина алуға келуі мүмкін, ал ауру белгілері вакцина салған күннен кейін байқалып қалуы ықтимал. Екіншіден, кейбіреулер вакцина алған соң сақтық шараларын тоқтатады: маска кимейді, адамдар көп жиналатын, инфекция қаупі бар жерлерге барады. Олар инфекция жұқтырған кезде вакцина салдырғанын айтады.

Коронавирусқа қарсы иммундық қорғаныс қанша уақытқа созылуы мүмкін?

Ең алдымен аурып тұрғандар, содан кейін коронавирусқа қарсы вакцина алғандар қорғанысқа ие. Олардың иммундық қорғанысы 12 айдан аса уақытқа, мүмкін өмір бойына созылуы мүмкін. Мұны ауырып тұрған, содан кейін вакцина алған пациенттердің сүйек кемігінен алынған иммундық жады жасушаларына жүргізілген зерттеулер анықтады.

Ауырып тұрып, содан соң вакцина салдырғандармен салыстырғанда COVID-19 дертімен ауырмаған, бірақ вакцинаның толық жиынтығын алғандар азырақ қорғалған. Олар 12 айдан кейін қайта вакцина алуы керек. Алайда осы 12 ай ішінде вакцина алғандардың басым көпшілігінде иммундық қорғаныс деңгейі өте жоғары болып саналады.

COVID-19-мен ауырған, бірақ екпе алмаған адамдар әлсіздеу. Олардың шамамен 20 пайызы коронавирустың ерекше мутацияланған нұсқаларын қайта жұқтыруы мүмкін. Алайда вакцина бұл науқастардың иммундық қорғанысын тез қалпына келтіреді.

Бұл вируспен ауырмаған және COVID-19-қа қарсы вакцина алмаған адамдар ең осал топ болып қалады. Олардың денесі коронавирусты «танымайды», оған қарсы антидене де, иммундық жады жасушалары да дамымаған. Олар үшін коронавирустың мутацияланған нұсқалары, мысалы, үнді нұсқасы аса қауіпті.

Вакцина аурудан 100 пайыз қорғамайды, 10 пайыздық ауру жұқтыру қаупі сақталады.

Вакцина автомобильдегі қауіпсіздік белдігіне ұқсас. Белдік апат кезінде жарақат алудан 100 пайыз қорғамаса да, ауыр жарақат алудан, жарымжан болып қалудан, кейде өлімнен сақтайды. Сол сияқты, вакцина инфекциядан 100 пайыз қорғамаса да, ковидтің ауыр асқынуының алдын алады және өмірді сақтап қалуы мүмкін.

Есіңізде болсын, коронавирустың мутацияланған нұсқасы жұғуынан сақтану үшін вакцинаның екі дозасын алу керек. Вакцина алғаннан соң бір ай бойы иммундық қорғаныс толық дамымайды. Осы кезеңде барлық сақтық шараларын ұстану өте маңызды: маска тағыңыз, адамдар көп болатын жерге бармаңыз.

Вакцинаның екінші дозасы не үшін керек?

Вакцина салуды лағман немесе жапон раменінің кеспесін дайындаумен салыстыра отырып түсіндірейін. Бірінші доза – қайнатылған кеспеге ұқсас. Екінші доза – етті, көкөністер мен дәмдеуіштерді қосқанмен бірдей. Тек кеспе дайындаумен шектелсеңіз, тағамыңыз толық бітпей қалады ғой. Вакцина да сондай, коронавирусқа қарсы иммундық қорғанышты толық қамтамасыз ету үшін екі дозаны да алу маңызды. Вакцинаның көмегімен иммундық жүйеміз алғашында «дұшпанды тануды», екінші кезегінде антиденелер мен иммундық жады жасушаларын қалыптастыру арқылы «дұшпанға» қарсы тұруды үйренеді.

Пандемия қашан аяқталады?

Бұл, негізінен, халықтың вакцинаны қаншалықты сәтті алғанына байланысты. Азаматтарды вакцина салдыруға қызықтыру үшін Қазақстанда вакцинацияланғандар арасында пәтерлерге ұтыс ойыны өткізіле бастады, басқа да материалдық ынталандыру әдістері қолданылып жатыр. Айтпақшы, бұл басқа елдердің де, мысалы, АҚШ-тың кейбір штаттарының тәжірибесінде бар.

Америка Құрама Штаттары 4 шілдеде, яғни өздерінің тәуелсіздік күніне дейін пандемия аяқталуы керек деп мәлімдеді. Осы күнге дейін ересек тұрғындардың 70 пайызы вакцинаның кем дегенде бір дозасын, ал халықтың көп бөлігі екі дозасын алуы қажет деп жоспарлаған болатын. Бұл көрсеткішке Нью-Йорк, Калифорния және елдің басқа да бірқатар прогрессивті қалалары мен аймақтары қол жеткізді.

Мен Қазақстанда дәл осылай жасауды ұсынамын. Атап айтқанда, тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 16 желтоқсанға дейін елдің ересек тұрғындарының 70 пайызына вакцина салуға тырыссақ. Менің ойымша, бұл орындалуы мүмкін міндет. Бұл бізге пандемиялық дағдарыстан тезірек шығуға мүмкіндік береді.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=216