Жақсылық жасаушының ғұмыры да ұзақ

translator жексенбі қараша 24, 2019

20 11 2019

Сапалы өмір мен оңтайлы денсаулықтың маңызды шарты ретінде альтруизмді (басқаның қамын ойлау) алсақ болады. Біздің қоршаған ортамыздағы адамдарға, жақындарымызға қамқорлық жасауда және мүдделерін қорғауда ол әрдайым жетекшілік етеді. Соңғы кезде айналамыздағы адамдарға көмек қолын созудың өзі де денсаулыққа зор әсер ететіні жайлы ғылыми басылымдар көп жазып жүр. Әсіресе көптеген ғалымдар байқағандай, біздің өзгелерге қамқорлық білдіріп, жақсылық етуіміз – өзімізге жақсылық жасағанымыз. Және де мұндай ерекше байланыс жасымыздың есейіп, оның ағзамызға ықпалын сезе бастағанда айқын білінеді екен

Альтруизм әр түрлі формада көрінуі мүмкін – күн сайынғы қамқорлықтан бастап, Тереза Ананың жанкешті іс-әрекетіне дейін. Көптеген адамдар өз айналысындағыларға қомқорлық жасау арқылы өздерінің денсаулықтарының едәуір жақсарғанын байқап, бұрынғы мазаларын алып жүрген сырқаттардың азайғанын, өзін-өзі бағалау сезімінің ұлғайғанын, күш-қуатының артқанын, тыныштанғанын сезген. Мұның бәрі жас шамасына қарай байқала бастаған екен. Төменде адамның жақсы істер жасау ниетін қалай арттыруға болатындығы жайлы ұсыныстар беріліп отыр.

Ең алдымен, сіз жақсылықты және қамқорлықты кімге жасауды анықтап алыңыз. Бұған науқастанып қалған туысыңыздың халін сұрау, ауланы немесе көшені тазалау жұмыстары бойынша бастаманы, т.с.с. істерді жатқызуға болады.

Міндетті түрде сізге жетім балаларға, мүгедектерге немесе қарттарға арнауға болатын белгілі бір уақытты бөлу қажет. Тәжірибеде байқалғандай, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасау – жақсылықтың ең жоғары деңгейі, сәйкесінше жақсылық жасаушы одан үлкен қуаныш сезінбек.

Сіздің балаларыңыз немесе немерелеріңіз оқитын мектептің мұғалімдерімен сөйлесіп, қандай көмек қажет екенін сұрап біліңіз. Басқа да ата-аналармен бірге сіз өз балаңыздың ғана емес, өзге де балалардың тәрбиесі мен оқуының жақсаруына септігіңізді тигізе аласыз. Балалар үйінде, ауруханаларда, қарттар үйінде де солай істеуге болады.

Үлкен әлеуметтік міндеттерді алға қойып, қоғамдық жұмыстармен айналысатын топтардың біріне мүше болыңыз. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, алға жоғары мақсат қоя білу әлеуметтік жауапкершілік пен өзін-өзі бағалау сезімін арттырып, денсаулықты жақсартып, сондай-ақ ұзақ өмір сүруге кепілдік болады.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.academypm.org/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=79